Университеттің басқарма төрағасы – ректор Жансейіт Түймебаев Мемлекет басшысына Farabi Hub инновациялық өнімдер мен жоғары технологиялық жобалар орталығын таныстырды. Бұл хаб экономиканың нақты секторына ғылыми әзірлемелерді енгізуге арналған заманауи алаң болып табылады. Мұнда креативті индустриялар, жасанды интеллект және стартаптар бағытында түрлі жобалар жүзеге асырылуда. Орталық жұмысының нәтижесінде 300 жаңа жұмыс орны ашылып, 20 миллион доллардан астам инвестиция тартылған.
Farabi Hub базасында ZTE, BASF, Binlin сияқты технологиялық корпорациялар мен бірқатар шетелдік ғылыми ұйымдардың зерттеу алаңдары орналасқан. Сонымен қатар, мұнда университеттің ғылыми-зерттеу институттары да жұмыс істейді.
Президентке университеттің жалпы құны 1 млрд 250 млн теңгені құрайтын төрт ірі жобаны табысты іске асырып жатқаны туралы мәлімет берілді. Сондай-ақ, Қытайдың Солтүстік-батыс политехникалық университеті-мен бірлесіп әзірленген микроспутниктің макеті таныстырылды.
Екі оқу орнының ғалымдары қазіргі таңда NKSAT спутнигін жасау бойынша да жұмыс жүргізуде. Бұл спутник Жердің гравитациялық өрісін, радиация деңгейін өлшеуге және геологиялық барлау зерттеулерін жүргізуге арналған.
Мемлекет басшысы сондай-ақ Қытай Халық Республикасының Ғылым академиясы-мен бірлесіп құрылған «Қашықтан зондтау технологиялары және оларды қолдану» зертханасының қызметімен танысты. Мұнда спутниктік деректер негізінде Орталық Азиядағы климаттық және экологиялық өзгерістер зерттелуде.
Бұдан бөлек, Президентке Халықаралық «Цифрлық технологиялар және робототехника» институтының, Робототехника орталығының және Қазақстан–Сингапур кванттық технологиялар орталығының жобалары ұсынылды.
Сапар соңында Қасым-Жомарт Тоқаев суперкомпьютерлік кластердің жұмысымен танысты. Бұл жобаға 23 миллион доллар инвестиция тартылған. Кластер күрделі есептеулерді орындау уақытын айтарлықтай қысқартып, ғылыми зерттеулердің тиімділігін арттыруға, сондай-ақ IT және жасанды интеллект саласында білікті мамандар даярлауға кең мүмкіндік береді.




