Кеш барысында қатысушылар еліміздегі этносаралық келісім мен бірліктің маңызы туралы ой бөлісіп, Қазақстан халқы ассамблеясының қоғамдағы татулық пен тұрақтылықты нығайтудағы рөліне ерекше тоқталды. Достық пен өзара құрметке негізделген мұндай кездесулер түрлі этнос өкілдерінің арасындағы байланысты одан әрі арттырып, ортақ құндылықтарды дәріптеуге жол ашады.
“Самоцветы” халықтық ардагерлер хоры орындаған халық әндері көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Ән арқылы әр ұлттың тарихы мен болмысы, салт-дәстүрі мен рухани байлығы көрініс тауып, залда жылы әрі шынайы атмосфера қалыптасты. Кеш қонақтары өнерпаздардың шеберлігіне ризашылықтарын білдіріп, мұндай тағылымды шаралардың маңызы зор екенін атап өтті.
Іс-шараның басты мақсаты – ұрпақтар сабақтастығын сақтау, этносаралық татулықты нығайту және мәдени мұраны кеңінен насихаттау. Қаламыздағы этномәдени бірлестіктер мен ардагерлер ұжымының бірлескен бұл кездесуі бірлік пен келісімнің жарқын үлгісіне айналды.
Мұндай мазмұнды басқосулар алдағы уақытта да жалғасын тауып, қала тұрғындарын ортақ құндылықтар төңірегінде топтастыра беретіні сөзсіз.




