Жезқазған қаласында «112 KZ» телебағдарламасының кезекті шығарылымы түсірілді. Бұл жоба Ұлытау облысында екінші рет жүзеге асып отыр.
Бағдарламаны Ulytau облыстық телеарнасының шығармашылық тобы дайындады. Жобаның мақсаты – төтенше жағдайлар қызметінің жұмысын кеңінен таныстыру, тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін жеткізу және азаматтық қорғау саласына деген қызығушылықты арттыру.
Түсірілім жұмыстары авиациялық ангар аумағында өтті. Арнайы алаңда заманауи техникалар, авариялық-құтқару жабдықтары және жедел әрекет етуге арналған арнайы көліктер көрсетілді. Сонымен қатар төтенше жағдай кезінде қолданылатын нақты іс-қимылдар таныстырылды.
Іс-шара барысында Ұлытау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Есен Байыров сөз сөйлеп, өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Ол бөлімшелердің материалдық-техникалық мүмкіндіктерін арттыру, жаңа жабдықтармен қамтамасыз ету және мамандардың кәсіби дайындығын күшейту жөнінде айтты.
Жаңа бағдарламада құтқарушылардың күнделікті қызметі, халыққа көмек көрсету барысы және төтенше жағдайлардың алдын алу шаралары қамтылады. Бұл көрермендер үшін танымдық әрі пайдалы жоба болмақ.
Түсірілген шығарылым алдағы уақытта өңірлік телеарна эфирінде көрсетіледі. «112 KZ» бағдарламасы тұрғындар арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға өз үлесін қоса береді.




