Қазақстанның саяси өмірінде тарихи кезең басталды. Жаңа Конституция жобасы қоғам үшін маңызды бағыттарды айқындап, елдің құқықтық және әлеуметтік дамуына жаңа серпін береді. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сергей Пономаревтің айтуынша, бұл құжат – қоғамның нақты сұранысы мен талап-тілегін көрсететін біртұтас әрі үйлесімді құқықтық база.
Сергей Пономарев жаңа Конституция жобасының негізгі ерекшелігі – оның әзірлеу процесінің ашықтығы мен жариялылығында деп есептейді. Азаматтар, қоғамдық ұйымдар, сарапшылар мен түрлі салалардың өкілдері ұсыныстарын жолдап, талқылауға белсенді қатысты.
«Конституция – тек қағаздағы құжат емес. Бұл – әрбір азаматтың, әрбір қоғам тобының ой-пікірін, ұсыныстарын ескеретін құжат. Сондықтан жаңа жоба қоғамның нақты талабы мен үмітін көрсетеді», – деді депутат.
Депутаттың пікірінше, жаңа Конституцияда билік тармақтарының өзара теңгерімі, құқық қорғау жүйесінің тиімділігі және азаматтардың құқықтары нақты көрсетілген. Бұл – қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайтып, саяси тұрақтылықты қамтамасыз ететін маңызды фактор.
«Конституцияның басты міндеті – қоғам сенімін нығайту және азаматтардың құқықтарын қорғау. Бұл жоба осы міндеттерді тиімді шешуге арналған», – деп атап өтті Сергей Пономарев.
Жоба азаматтардың әлеуметтік қауіпсіздігін, тең мүмкіндіктерін қамтамасыз етуге арналған нормаларды қамтиды. Депутаттың сөзінше, бұл тек бүгінгі талаптарға жауап беріп қана қоймай, болашақ ұрпаққа арналған тұрақты құқықтық негіз қалыптастырады.
«Әділетті қоғам – азаматтардың құқықтары қорғалған қоғам. Конституция осы қағидаттарды заң жүзінде бекітеді», – деді Сергей Пономарев.
Сергей Пономарев алдағы референдумның маңыздылығына тоқталып, бұл үдеріс арқылы халықтың өз таңдауын жасау мүмкіндігі берілетінін атап өтті. Оның пікірінше, жаңа Конституция қоғамның нақты талабын ескерген жағдайда ғана шынайы мәнге ие болады.
«Конституция – бұл тек заңгерлердің құжаты емес. Ол – баршамызға ортақ құжат. Оның мазмұны қоғамның талабын көрсетуі тиіс, ал референдум арқылы біз осы талаптарды нақтылаймыз», – деп түйіндеді депутат.
Жаңа Конституция жобасы Қазақстанның құқықтық мемлекет ретінде дамуын күшейтіп, азаматтар мен билік арасындағы сенімді нығайтуға қызмет ететін маңызды қадам болып табылады.




