Ұлытау облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Open Air Senbilik фестивалі форматында ауқымды сенбілік ұйымдастырылды. Шараға жергілікті атқарушы органға қарасты мекемелердің қызметкерлері қатысып, қаланы тазарту жұмыстарына белсене атсалысты.
Сенбілікке барлығы 300 адам жұмылдырылып, 6 арнайы техника қолданылды. Нәтижесінде 5 гектар аумақ тазаланып, 77 тонна тұрмыстық қалдық шығарылды.
Іс-шара тек тазалық жұмыстарымен шектелмей, фестивальдік көңіл-күйде жалғасты. Қатысушыларға таңғы жаттығу ұйымдастырылып, кір тасын көтеру сайысы, жанды дауыстағы әндер мен түрлі ойын-сауық бағдарламалар ұсынылды. Сонымен қатар қатысушыларға тамақ пен сусындар беріліп, ең үздік учаске байқауы өткізілді.
Сенбілік барысында белсенділік танытқан мемлекеттік мекемелер анықталып, оларға арнайы сертификаттар мен сыйлықтар табысталды.
Айта кету керек, шараға қызметкерлермен бірге тұрғындар да балаларымен қатысты. Сонымен қатар қала кәсіпкерлері де қолдау көрсетіп, қатысушыларға сусындар таратты.
Open Air Senbilik фестивалі экологиялық мәдениетті арттырып, қоғамды ортақ мақсатқа біріктірген ерекше форматтағы игі шара ретінде ұйымдастырылды.




