Астана қаласында алаяқтық және жалған ақпарат тарату күдігімен 23 жастағы тұрғын ұсталды. Бұл туралы құқық қорғау органдары мәлімдеді.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, Threads әлеуметтік желісіндегі белгісіз аккаунт арқылы тараған жазба қоғамда резонанс тудырған. Онда автор өзін әскерде жүрген кезінде жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырадым деп мәлімдеген. Сондай-ақ, ол бір жыл бұрын әскерден оралғанын, бірақ болған оқиғаның психологиялық салдарын әлі күнге дейін еңсере алмай жүргенін жазған.
Жазбада көрсетілгендей, белгісіз тұлға командирі тарапынан қорқыту болғанын және жыныстық сипаттағы әрекеттерге мәжбүрленгенін алға тартқан. Сонымен қатар, автор қазіргі уақытта да қудалаудан қауіптенетінін жеткізген.
Аталған ақпарат құқық қорғау органдарының назарын аударып, тексеру жұмыстары басталған. Тергеу барысында бұл мәліметтердің шындыққа сәйкес келмеуі мүмкін екені анықталған.
Полиция күдікті ретінде 23 жастағы Астана тұрғынын ұстады. Қазіргі уақытта оның әрекеттеріне құқықтық баға беру мақсатында тергеу амалдары жүргізілуде.
Құзырлы органдар азаматтарды әлеуметтік желілерде тексерілмеген ақпаратты таратпауға шақырды. Жалған ақпарат тарату заң бойынша жауапкершілікке әкелуі мүмкін екені ескертілді.
Оқиғаның барлық мән-жайы тергеу барысында анықталатын болады.




