Ұлттық құндылықтарды ұлықтаған Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында тағы да тағылымды шара өтті. «Баталы елге бақ қонар» фестиваль-сайысы ата дәстүрді дәріптеп, ұрпақтар сабақтастығын жалғаған мазмұнды басқосу ретінде ерекшеленді. «Наурызнама» тұжырымдамасы негізінде қазақ халқының көнеден жеткен бата беру дәстүрін кеңінен насихаттауға бағытталған іс-шараны Сәтбаев қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайы ұйымдастырып, ұлттық руханиятты жаңғыртуға айрықша үлес қосты.
Фестиваль сахнасында алпыстың асқарына шыққан ақсақалдар сөз алып, өздерінің өмірлік тәжірибесі мен даналық тағылымын ұсынды.
Әр қатысушының батасы елдік пен бірлікті, ізгілік пен берекені арқау еткен мазмұнды дүниелер болды. Жастарға бағытталған өнегелі сөздер арқылы үлкенге құрмет, кішіге ізет қағидалары кеңінен дәріптелді.
Сайыс талаптарына сәйкес, қатысушылар ұлттық нақыштағы киім үлгісін сақтап, бата беру дәстүрінің мән-маңызын терең аша білді. Мазмұндылығы, тіл көркемдігі, шешендік шеберлігі мен сахна мәдениеті назарға алынды.
Қысқа да нұсқа, мағынасы терең «Наурыз батасы», «Жас отауға бата», «Жол батасы», «Дастарқан батасы» сынды бағыттар бойынша берілген ақ тілектер көрермен ықыласына бөленді.
Нәтижесінде, өз өнерімен дараланған Тұрлыбек Байтеков, Серікбай Досболов, Ізтай Белгібай, Абзалбек Мухамбетжанов, Іргебай Әбдікәрімов, Абай Бекешев, Шынболат Абильдин, Ибрахымгабидолла Әлкеев сынды ақсақалдар үздік деп танылды.




