«AMANAT» партиясының Ұлытау облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының ұйымдастыруымен «Ұлытау облысы – жетімдерсіз аймақ: отбасылық тәрбиені қолдау және балалардың құқығын қорғау» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға «AMANAT» партиясы Ұлытау облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ерлан Мырзабеков, партия филиалы жанындағы Әйелдер құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері жөніндегі кеңесші Гүлмира Каженова, жауапты мемлекеттік органдардың өкілдері, білім беру ұйымдарының басшылары мен мектеп директорлары қатысты.
Дөңгелек үстелдің басты мақсаты – өңірдегі жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың қазіргі жағдайын саралау, өзекті мәселелерді анықтау, оларды шешудің нақты тетіктерін ұсыну, сондай-ақ асырап алушы ата-аналар мектебінің жұмысын жетілдіру.
Жиын барысында Жезқазған қаласындағы «Ана үйі» қоғамдық қорының Ұлытау облысы бойынша аймақтық маманы Гүлнар Бірманова, Ұлытау облысының Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Гүлмира Жаппасова, Ұлытау облысы қоғамдық даму басқармасына қарасты «Қоғамдық келісім» КММ басшысы, Қазақстан халқы Ассамблеясы Ұлытау облыстық Аналар кеңесінің төрағасы Гүлбану Сейтжанова баяндама жасап, саладағы түйткілді мәселелерге тоқталды.
Кездесу барысында «Ұлытау облысы – жетімдерсіз аймақ» бастамасының тек ұран емес, жүйелі жұмыс пен ерте алдын алу шараларын, ведомствоаралық жауапкершілікті талап ететін маңызды міндет екені атап өтілді. Талдау нәтижесінде әлеуметтік жетімдіктің басым бөлігі ата-анасы бар, алайда отбасы дағдарысына тап болған балалар екені белгілі болды.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес, Ұлытау облысында 0–17 жас аралығындағы балалар саны – 75 508. Қазіргі таңда жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың жалпы саны 256-ны құрайды. Оның ішінде 197 бала қамқоршылықта (қорғаншылықта), 14 бала патронаттық тәрбиеде. Балалардың басым бөлігі қалалық жерде тұрады.
Маруа Құлұшева атындағы арнайы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығында 45 бала тәрбиеленсе, орталық жанындағы Жасөспірімдер үйінде 37 жас қамтылған. Барлық балалар 100 пайыз мемлекеттік тұрғын үй кезегіне қойылған.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылған «Мейірім» акциясы аясында 12 балаға 1 326 645 теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілді. Сонымен қатар, «Қазақмыс корпорациясы» орталықтың үш тәрбиеленушісіне толық жабдықталған үш бөлмелі пәтер сыйға тартты. «Ұлытау» және «Асар уме» қайырымдылық қорлары тарапынан да тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытында қолдау көрсетілген.
Айта кету керек, 2026 жылдан бастап облыста балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі жеке бөлім құрылып, жергілікті деңгейде 11 маман балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде.
Дөңгелек үстел қорытындысында бала тәрбиесі, оқушылардың қауіпсіздігі, балалар үйлерінің жағдайы жан-жақты талқыланып, бірқатар нақты ұсыныстар ортаға салынды.




