Ұлытау облысында өткен ардагерлер ұйымының ІІ конференциясы өңірдің қоғамдық өміріндегі маңызды оқиғалардың біріне айналды. Жиынға облыс басшылығы, ардагерлер, қоғам қайраткерлері мен түрлі сала өкілдері қатысып, аға буынның қоғамдағы орны мен рөлін жан-жақты талқылады.
Конференция барысында сөз алған «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесі төрағасының орынбасары Өмірзақ Озғанбайұлы ардагерлер қозғалысының ел бірлігі мен қоғамдық тұрақтылықты сақтаудағы маңызын атап өтті. Оның айтуынша, ардагерлер – қоғамдағы сабақтастықтың алтын көпірі, олар жастарға бағыт-бағдар беретін рухани тірек.
Облыс әкімі өз баяндамасында бұл конференцияның алдағы республикалық деңгейдегі маңызды жиын – ардагерлер ұйымының ХІ съезіне дайындықтың бір бөлігі екенін жеткізді. Сонымен қатар, ардагерлердің өмірлік тәжірибесі мен ақыл-кеңесінің жас ұрпақ тәрбиесінде айрықша орын алатынын атап өтті.
Жиын қорытындысында Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып Мұрат Сүтенұлы Қазамбаев сайланып, ұйым жұмысына жаңа серпін беретіндігіне сенім білдірілді. Қатысушылар бұл шешімді бірауыздан қолдап, алдағы уақытта ұйым қызметін жандандыруға бағытталған ұсыныстарын ортаға салды.
Іс-шара аясында бірқатар ардагерлер марапатталып, олардың өңірдің дамуына қосқан үлесі ерекше атап өтілді. Құрмет грамоталары табысталып, аға буын өкілдеріне алғыс білдірілді.
Жалпы, конференция барысында айтылған ойлар мен ұсыныстар ардагерлер қозғалысының әлеуетін арттырып, қоғамдағы бірлік пен сабақтастықты нығайтуға бағытталған нақты қадамдардың негізін қалады.




