Жезқазған қаласында «112 KZ» тележобасының кезекті шығарылымы таспаға жазылды. Бұл – Ұлытау облысында жүзеге асқан екінші арнайы бағдарлама.
Ulytau облыстық телеарнасының шығармашылық ұжымы бүгін жаңа бөлімнің түсірілім жұмыстарын жүргізді. Жобаның негізгі мақсаты – азаматтық қорғау саласының қызметін халыққа таныстыру, төтенше жағдайлардың алдын алу және тұрғындардың қауіпсіздікке деген жауапкершілігін арттыру.
Бағдарламаның түсірілімі авиациялық ангар аумағында өтті. Арнайы алаңда құтқару техникалары, заманауи жабдықтар мен жедел әрекет етуге арналған құралдар көрсетілді. Сонымен қатар төтенше жағдай кезінде атқарылатын нақты іс-қимылдар таныстырылды.
Іс-шараға Ұлытау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Есен Байыров қатысып, өңірдегі қауіпсіздік жүйесін жетілдіру бағытындағы жұмыстар жайлы баяндады. Ол техникалық мүмкіндіктерді арттыру, бөлімшелердің даярлығын күшейту және жедел әрекет ету сапасын жақсарту мәселелеріне тоқталды.
Жоба барысында көрермендер құтқарушылардың күнделікті қызметі, арнайы техникалардың мүмкіндігі және төтенше жағдайда дұрыс әрекет ету жолдары туралы пайдалы ақпарат алады.
Түсірілген жаңа шығарылым алдағы уақытта өңірлік телеарна эфирінде көрсетіледі. «112 KZ» бағдарламасы алдағы уақытта да қауіпсіздік тақырыбын кеңінен насихаттап, халыққа маңызды мәліметтер ұсынуды жалғастырады.




