2026 жылдың 23–24 сәуірінде Тараз қаласындағы Көне Тараз тарихи-этномәдени кешені аумағында «Тараз – қолөнершілер қаласы» халықаралық қолөнершілер фестивалі өтеді.
Ауқымды мәдени іс-шараның негізгі мақсаты – өңірдің туристік әлеуетін арттыру, отандық қолөнершілерді халықаралық деңгейде таныту, сондай-ақ шетелдік және жергілікті шеберлер арасында мәдени байланыс орнатып, тәжірибе алмасуға жағдай жасау. Сонымен қатар фестиваль барысында ұмыт қалып бара жатқан көне қолөнер түрлерін сақтау және қайта жаңғырту көзделген.
Фестивальге Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдерінен, сондай-ақ Алматы және Түркістан өңірлерінен және Тараз қаласының өзінен 100-ден астам қолөнер шебері қатысады деп жоспарлануда.
Іс-шара аясында «Тараз – қолөнершілер қаласы. Дәстүр мен заманауи қолөнер» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция, қолөнер бұйымдарының көрмесі, шеберлік сағаттары және «Менің әлемім: қиял мен шынайылық» атты жас қолөнершілер мен суретшілердің көрмесі ұйымдастырылады.
Сонымен қатар фестиваль бағдарламасы аясында сән мен ұлттық дәстүрді ұштастыратын ASPARA FASHION WEEK халықаралық сән апталығы, «Гиннес» рекордтар кітабына енген киіздің жанында «Dombyra Party» мәдени іс-шарасы, ұлттық киімдердің сән көрсетілімі және өнер жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт өтеді.
Фестиваль қонақтарына көрме аясында ұсынылған қолөнер бұйымдарын сатып алуға, сондай-ақ Тараз қаласының тарихи-мәдени нысандарына экскурсия жасауға мүмкіндік беріледі.
Аталған күндері Тараз қаласы ұлттық дәстүр мен шығармашылық шабыттың тоғысқан орталығына айналып, қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше мәдени атмосфера сыйлайды.




