Ұлытау облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында ауқымды іс-шара өтті. Бұл шара республикалық телекөпір форматында ұйымдастырылып, елдің әр өңірін бір мақсатқа – табиғатты қорғау мен экологиялық мәдениетті қалыптастыруға жұмылдырды.
Телекөпір барысында Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков Жезқазған қаласының орталығынан тікелей байланысқа шығып, Қазақстан халқы Ассамблеясының өңірлік өкілдерімен, жастармен, еріктілермен, мемлекеттік қызметкерлермен және қоғам белсенділерімен бірге қатысты. Бұл бастама өңір тұрғындарының экологиялық жауапкершілігін арттыруға бағытталғанын көрсетті.
Мемлекет басшысы өз сөзінде «Таза Қазақстан», «Заң және тәртіп», «Адал азамат» қағидаттарының өзара тығыз байланысты екенін атап өтті. Президент бұл құндылықтар қоғамда берік орнығуы тиіс екенін айтып, әсіресе жастардың рөліне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, экологиялық мәдениетті ерте жастан қалыптастыру – болашақ ұрпақ алдындағы маңызды міндет.
Телекөпір аяқталған соң қатысушылар нақты іске көшіп, жаппай ағаш отырғызу акциясын өткізді. Жезқазған қаласындағы саябаққа 275 түп көшет отырғызылса, Жошы хан тарихи-мәдени кешені аумағында 510 түп жасыл желек егілді. Жалпы алғанда, облыс бойынша бір күнде 1550 түп ағаш отырғызылып, өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға нақты үлес қосылды.
Айта кету керек, Ұлытау облысында көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Жыл басынан бері 7 сенбілік ұйымдастырылып, оған 20 мыңнан астам адам, 1551 ұжым және 416 техника жұмылдырылған. Нәтижесінде 2749,9 тонна қоқыс шығарылып, 700,7 гектар аумақ тазартылды. Сонымен қатар 10 894 түп ағаш отырғызылып, өңірдің жасыл белдеуі кеңейе түсті.
Жалпы, «Таза Қазақстан» бастамасы тек экологиялық акция ғана емес, ол – халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған ұлттық идея. Мұндай игі шаралар қоғамның табиғатқа деген жанашырлығын арттырып, келер ұрпаққа таза әрі көркем орта қалдыруға негіз болады.




