Қазақстан Орталық Азияда жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) деңгейі бойынша бірінші орынға шығып, Ресей мен Қытайды басып озды. Бұл туралы Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) деректері көрсетеді.
Халықаралық валюта қорының мәліметінше, 2025 жылы Қазақстанда жан басына шаққандағы ЖІӨ 14 770 долларды құрады. Салыстыру үшін, Ресейде бұл көрсеткіш 14 260 доллар болса, Қытайда — 13 690 долларды құраған.
Орталық Азияда Қазақстан аймақтың басқа елдерінен айтарлықтай озып тұр. Түрікменстанда жан басына шаққандағы ЖІӨ 13 340 долларды құрады, Өзбекстанда — 3 510 доллар, Қырғызстанда — 2 750 доллар, ал Тәжікстанда — 1 430 доллар болды.
Қазақстан сондай-ақ ТМД елдері арасында да көш бастап, Грузияны (9 570 доллар), Арменияны (8 860 доллар), Молдованы (8 260 доллар), Беларусьті (7 880 доллар), Әзербайжанды (7 600 доллар) және Украинаны (6 260 доллар) басып озды.
ХВҚ жан басына шаққандағы ЖІӨ-ні ағымдағы бағалар бойынша есептейді, бұл жалпы әл-ауқат деңгейі мен сатып алу қабілетін бағалауға мүмкіндік береді.
«Қазақстанның мықты позициялары пайдалы қазбалардың мол қорымен байланысты, ал энергия ресурстары мен шикізат экспорты өсімнің негізгі қозғаушы күші болып қала береді», — делінген есепте.
Соңғы жылдары елде шикізатты өңдеу және жоғары қосылған құны бар өнім өндіру саласы да дамып келеді.
Өсімнің қосымша факторлары ретінде іскерлік ортаны реформалау, шетелдік инвестициялардың артуы және инфрақұрылымды жаңғырту аталған.
«Көлік, логистика, технологиялар, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтерге салынған инвестициялар ішкі сұраныстың өсуіне және еңбек өнімділігінің артуына ықпал етеді», — деп атап өтті ХВҚ сарапшылары.
Қазақстанның географиялық орналасуы да маңызды рөл атқарады: ел Еуропа мен Азия арасындағы негізгі байланыстырушы буын болып табылады. Сонымен қатар, «Бір белдеу – бір жол» сияқты халықаралық сауда бастамаларына қатысуы да маңызды.
Қор бағалауынша, макроэкономикалық тұрақтылық қалыпты инфляция, теңгенің тұрақты бағамы және теңгерімді бюджеттік саясат арқылы қамтамасыз етіледі.
«Ұлттық банк пен үкіметтің саясаты жаһандық сын-қатерлер жағдайында да экономикалық тұрақтылықты сақтауға көмектеседі», — делінген есепте.




