Ұлытау облысында жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» бастамасы өңірдің экологиялық ахуалын жақсартумен қатар, қоғамда жаңа көзқарас қалыптастыруға ықпал етуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, тазалық пен тәртіп – өркениетті қоғамның айқын белгісі.
Жезқазған қаласында өткен республикалық телекөпір осы бағыттағы жұмыстардың маңызын арттыра түсті. Облыс әкімі Дастан Рыспеков өңірдегі экологиялық бастамалардың қарқынды жүзеге асып жатқанын жеткізді. Іс-шараға қатысқан әртүрлі сала өкілдері табиғатты қорғау ісіне өз үлестерін қосуға дайын екендерін көрсетті.
Акция барысында ағаш отырғызу, аумақтарды тазарту, қоғамдық орындарды абаттандыру жұмыстары қатар жүргізілді. Әсіресе, Жошы хан тарихи-мәдени кешені аумағында жасыл желектердің көбеюі тарихи нысанның көркін аша түсті. Бұл – экология мен мәдени мұраны ұштастырған игі бастама.
Соңғы жылдары өңірде сенбіліктердің жиі ұйымдастырылуы, халықтың белсенділігі мен жауапкершілігінің артқанын байқатады. Мыңдаған адам қатысқан тазалық шаралары тек қоршаған ортаны жақсартып қана қоймай, қоғамның бірлігін нығайтуға да ықпал етуде.
«Таза Қазақстан» – уақытша науқан емес, ол – әрбір азаматтың өмір салтына айналуы тиіс құндылық. Табиғатты қорғау, тазалықты сақтау, жасыл желекті көбейту – келешек ұрпаққа аманат. Ұлытау өңірінде қолға алынған мұндай бастамалар елдің тұрақты дамуына берік негіз қалайды.




