Жезқазған қаласында «112 KZ» телебағдарламасының екінші шығарылымын түсіру жұмыстары ұйымдастырылды. Жобаны Ulytau облыстық телеарнасы жүзеге асырып отыр. Бағдарламаның негізгі мақсаты – азаматтық қорғау саласының жұмысын кеңінен таныстыру және халықтың қауіпсіздік мәдениетін арттыру.
Түсірілім авиациялық ангар аумағында өтті. Шара барысында төтенше жағдайлар қызметінің күнделікті жұмысы, арнайы техникалардың мүмкіндіктері және құтқару бөлімшелерінің жедел әрекет ету тетіктері көрсетілді. Көрермен назарына өрт сөндіру, іздестіру-құтқару және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу барысы ұсынылды.
Бағдарлама аясында мамандар төтенше жағдайлардың алдын алу шаралары, қауіпсіздік талаптарын сақтау және оқыс оқиғалар кезінде дұрыс шешім қабылдау жолдары жөнінде кеңінен түсіндірді. Сонымен қатар, халықтың төтенше жағдай кезіндегі дайындық деңгейін арттыруға бағытталған профилактикалық жұмыстардың маңызы атап өтілді.
Түсірілімге Ұлытау облысы төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Есен Байыров қатысты. Ол өңірдегі азаматтық қорғау жүйесінің қазіргі жағдайы, материалдық-техникалық базаның жаңартылуы және құтқару қызметтерінің кәсіби дайындығын арттыру бағытындағы жұмыстар туралы баяндады. Сондай-ақ, төтенше жағдайларға жедел ден қою жүйесінің тиімділігіне ерекше назар аударылып отырғанын жеткізді.
Аталған тележоба тұрғындардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға, төтенше жағдайлардың алдын алуға және қоғамда жауапкершілік қағидатын нығайтуға бағытталған. Осындай бағдарламалар арқылы халыққа практикалық маңызы бар ақпарат жеткізіліп, қауіпсіз өмір сүру дағдылары насихатталады.
«112 KZ» телебағдарламасының жаңа шығарылымы алдағы уақытта өңірлік телеарна эфирінен көрсетілетін болады.




