Ұлытау облысына Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров жұмыс сапарымен келіп, өңірдің инвестициялық әлеуетімен және жүзеге асырылып жатқан маңызды жобалармен танысты.
Сапар барысында ол облыс әкімінің төрағалығымен өткен өңірлік инвестициялық штаб отырысына қатысты. Жиында аймақтың инвестициялық ахуалы жан-жақты талқыланып, басым жобалардың іске асырылу барысы қаралды. Әсіресе, инвестициялық қызметтегі өзекті мәселелерге ерекше назар аударылды.
Күн тәртібіндегі маңызды тақырыптардың бірі – сұйытылған газ өндіру зауытын салу жобасы болды. Аталған жобаны жүзеге асыру үшін қажетті газ көлемін бөлу мәселесі көтеріліп, оны шешудің нақты жолдары ұсынылды. Бұл бастама өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етпек.
Кеңес қорытындысы бойынша облыс әкімі жауапты мемлекеттік органдарға инвестициялық жобаларды уақытылы әрі сапалы жүзеге асыруды қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді. Бұл өз кезегінде өңір экономикасының тұрақты дамуына серпін береді.
Іссапар аясында Әлібек Қуантыров бірқатар өндірістік нысандарды аралады. Солардың қатарында «Ютария» ЖШС тігін фабрикасы бар. Аталған кәсіпорын кең ассортименттегі тігін өнімдерін шығаратын заманауи өндіріс орны болып табылады және 900-ден астам адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Сондай-ақ, «Samadi A group» ЖШС жүзеге асырып жатқан көкөніс сақтау қоймасының құрылысы таныстырылды. Жылдық сыйымдылығы 10 мың тоннаға дейін жететін бұл жоба өңір тұрғындарын азық-түлікпен тұрақты қамтамасыз етуге бағытталған маңызды инфрақұрылымдық бастама саналады.
Жалпы, жұмыс сапары барысында өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыру, өндірістік әлеуетін күшейту және халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытындағы жұмыстардың жүйелі түрде жүзеге асып жатқаны атап өтілді.




