Қалада соңғы екі күн қатарынан көпқабатты тұрғын үйлерде өрт оқиғалары тіркелуіне байланысты тиісті қызметтер тарапынан шұғыл тексеріс жұмыстары ұйымдастырылды.
Осыған орай қала әкімінің орынбасары Ахмет Сыздыманов Төтенше жағдайлар бөлімі және электрмен жабдықтау кәсіпорны мамандарымен бірге көпқабатты тұрғын үйлердің кіреберістеріндегі электр қалқандарын (щиттерін) тексерді.
Тексеру барысында электр желілеріне түсетін жүктеменің артуы мен ескі сымдардың тозуы өрт қаупін күшейтетіні анықталды. Сондай-ақ кейбір тұрғын үйлердің кіреберістерінде электр қалқандары орналасқан орындарға тұрғындар әртүрлі заттарды қойып тастағаны белгілі болды. Бұл жағдай төтенше оқиға кезінде мамандардың жедел әрекет етуіне кедергі келтіріп, өрт қаупін арттырады.
Мамандар тұрғындарға электр қуатын пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды ескертті. Әсіресе, жаңа тұрмыстық техниканы орнату барысында тек автоматтарды ауыстыру жеткіліксіз екені, ішкі электр сымдарын (проводкаларды) да толық жаңарту қажет екені атап өтілді. Сонымен қатар, сапасыз әрі қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін ұзартқыштар мен құрылғыларды қолданбау, тек сертификатталған электр құралдарын пайдалану маңызды екені айтылды.
Қалалық қызметтер мұндай тексеріс жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын және тұрғын үйлердегі өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты назарда болатынын хабарлады.




