Жезқазған қаласында «112 KZ» телебағдарламасының екінші шығарылымының түсірілімі сәтті өтті. Жобаны Ulytau облыстық телеарнасы қолға алып, өңірдегі төтенше жағдайлар қызметінің жұмысын кеңінен насихаттауды мақсат етіп отыр.
Түсірілім авиациялық ангар аумағында ұйымдастырылып, құтқарушылардың күнделікті қызметі мен заманауи техникалардың мүмкіндіктері көрініс тапты. Бағдарлама барысында төтенше жағдайлардың алдын алу, жедел әрекет ету және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолдары жан-жақты көрсетілді.
Шараға Ұлытау облысы ТЖД бастығы, полковник Есен Байыров қатысып, аймақтағы қауіпсіздік саласында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Оның айтуынша, қазіргі таңда материалдық-техникалық база нығайтылып, бөлімшелердің жауынгерлік әзірлігі артып келеді.
Бағдарлама көрермендерге тек ақпарат беріп қана қоймай, төтенше жағдай кезінде дұрыс әрекет етуге бағыт-бағдар береді. Мұндай жобалар тұрғындардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
Жаңа шығарылым жақын күндері өңірлік телеарна эфирінен көрсетіліп, көпшілікке жол тартпақ.




