Соңғы жылдары отандық денсаулық сақтау саласына көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде Сәтбаев қалалық емханасында мемлекеттік қолдау нәтижесінде қандай оң өзгерістер бар? Ең бастысы аурудың алдын алу бағытында қандай шаралар қолға алынуда? Халыққа қызмет көрсету халықаралық талаптар деңгейіне көтеріліп келе ме? Міне осындайц джәне басқа да мәселелер төңірегінде «Сәтбаев қаласының емханасы» КММ директорының міндетін атқарушы Махаббат Ерденовамен сұхбаттасқан едік.

-Ең алдымен емхананың алдында тұрған басты міндеттер туралы айта кетсеңіз...
– Біздің басты мақсатымыз – тұрғындарға медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын барынша арттыру. Осы бағытта жоспарлы, жүйелі жұмыстар үздіксіз жүргізілуде.
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің нормативтік-құқықтық актілеріне сәйкес скринингтік тексерулер кеңінен ұйымдастырылып, туберкулезді ерте анықтауға бағытталған тубдиагностика, профилактикалық және міндетті медициналық қараулар тұрақты өткізіліп келеді. Бұл – аурудың алдын алуға, денсаулықты ерте кезеңде бақылауға мүмкіндік беретін маңызды қадамдар.
Сонымен қатар, медициналық көмектің сапасын жаңа деңгейге көтеру мақсатында заманауи басқару тәсілдері енгізіліп, қызмет көрсету үдерісі жетілдірілу үстінде. Алдағы уақытта құрылымдық өзгерістер жүргізіліп, емхана жұмысы тиімді әрі үйлесімді жүйеге түспек.
Нәтижесінде қала тұрғындарының денсаулық көрсеткіштері жақсарып, өмір сапасы арта түспек. Бүгінде емхана білікті мамандардың озық тәжірибесін ұштастырып, халық игілігіне қызмет ететін заманауи медициналық мекеме ретінде дамуға бет бұрып келеді.
– Махаббат Сейсенбекқызы, «Даму және ерте араласу орталығының» қызметі туралы айтып өтсеңіз. Нендей қажеттіліктен құрылды?
–Даму және ерте араласу орталығы (ДЕАО) балалардың өмірінің алғашқы жылдарында психофизикалық дамуын бақылауға, мүмкін болатын ауытқуларды ерте кезеңде анықтауға және уақытылы көмек көрсетуге бағытталған маңызды құрылым. Орталықтың басты мақсаты – баланың дамуындағы кідірістерді асқындырмай, ерте кезеңде түзетуге жағдай жасау. Себебі дәл осы алғашқы бес жыл баланың жүйке жүйесі қарқынды дамитын, қоршаған ортаны қабылдау қабілеті қалыптасатын шешуші кезең болып табылады. Сондықтан бұл тек медициналық көмек емес, баланың болашағына салынған инвестиция болып саналады.
Орталықта 5 жасқа дейінгі балалар қамтылады. Әсіресе перинаталдық қауіп факторлары бар, шала туған, неврологиялық бұзылыстары бар немесе дамуында кідіріс белгілері байқалатын балалар ерекше бақылауға алынған. Ата-аналардың өтініші бойынша да балалар тексеруден өтеді. Қазіргі таңда орталық қызметі халық үшін қолжетімді.

– Балалардың дамуындағы ауытқуларды анықтау қандай тәсілдер арқылы жүргізіледі?
– Балаларды тексеру кешенді түрде жүзеге асырылады. Негізгі бағыттардың бірі – психофизикалық скрининг, яғни, баланың қозғалыс белсенділігі, танымдық дамуы, эмоциялық күйі, қарым-қатынас дағдылары жас ерекшелігіне сәйкес бағаланады. Бұл әдіс арқылы бала дамуының кешігу белгілерін ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік бар.
Сондай – ақ, , аудиологиялық скрининг жүргізіледі. Бұл баланың есту қабілетін тексеруге бағытталған маңызды зерттеу. Себебі, есту бұзылыстары көбіне сөйлеу дамуының кешеуілдеуіне алып келеді. Уақытылы анықталған есту мәселелері ерте түзетіліп, баланың толыққанды дамуына ықпал етеді.
Тексеру барысында ата-анамен сұхбат жүргізіліп, баланың даму тарихы, күнделікті дағдылары мен мінез-құлқы жан-жақты талданады. Бүгінгі күнге дейін қала бойынша 5 мыңнан аса бала орталық қызметіне жүгінді.
– Балаларды бақылау жүйесі қалай ұйымдастырылған?
– Орталықта әр бала динамикалық бақылауға алынады. Яғни, бір реттік тексерумен шектелмей, баланың дамуы уақыт өте келе жүйелі түрде бағаланып отырады. Әр балаға жеке бақылау жүргізу жоспары құрылады. Белгіленген мерзімдерде қайта тексерулер өткізіліп, баланың дамуындағы өзгерістер сарапталады. Бұл тәсіл мамандарға баланың жағдайын нақты бақылауға, қажет болған жағдайда бағытты өзгертуге мүмкіндік береді.
– Оңалту шаралары қалай жүзеге асырылады?
– Қазіргі уақытта орталықта толық көлемде оңалту шаралары жүргізілмейді. Біздің негізгі міндетіміз – баланың жағдайын ерте анықтап, оны тиісті көмекке бағыттау. Сондықтан анықталған көрсеткіштерге байланысты балалар арнайы оңалту орталықтарына немесе бейінді медициналық ұйымдарға жіберіледі.
Бұл ұйымдарда емдік дене шынықтыру, массаж, психологиялық және педагогикалық түзету жұмыстары жүргізіледі. Осылайша, орталық алғашқы буын ретінде қызмет атқарып, баланың қажетті көмекті дер кезінде алуына ықпал етеді.
– Логопедиялық көмек көрсету мәселесі қалай шешілуде?
– Қазіргі таңда орталықта логопед маманы жоқ. Дегенмен сөйлеу дамуы бойынша ауытқулар анықталған жағдайда балалар тиісті логопедиялық қызмет көрсететін мекемелерге жіберіледі. Бұл бағыттағы жұмысты жетілдіру жоспарлануда. Себебі тілдің шығуы баланың жалпы психикалық дамуының маңызды көрсеткіштерінің бірі.
– Ата-аналармен жұмыс қалай жүргізіледі?
– Ата-аналармен тығыз байланыс орнату орталық қызметінің маңызды бөлігі болып табылады. Мамандар ата-аналарға баланың дамуы туралы толық ақпарат беріп, үй жағдайында жүргізілетін дамыту жаттығулары бойынша кеңес береді. Бала күтімі, дұрыс қарым-қатынас орнату, ойын арқылы дамыту тәсілдері түсіндіріледі. Ата-ананың белсенділігі баланың оң нәтижеге жетуінде шешуші рөл атқарады.
– Баланы дүниеге келе сала бақылауға алудың тиімділігі неде?
– Туабітті дертке шалдыққан балалар үшін бұл олардың болашағын айқындайтын маңызды кезең. Егер дамуындағы ауытқулар ерте анықталса, оларды түзету әлдеқайда жеңіл әрі тиімді болады. Мектепке дайындығына, әлеуметтік ортаға бейімделуіне, өз қатарластарымен тең дәрежеде дамуына мүмкіндік береді. Сондықтан ерте диагностика мен бақылау – қазіргі медицинаның басым бағыттарының бірі.
– Алдағы уақытта орталық қызметін дамыту бойынша қандай жоспарлар бар?
– Болашақта орталық қызметін кеңейту, мамандар құрамын толықтыру жоспарлануда. Тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту арқылы ата-аналардың ерте дабыл қағуын арттыру көзделуде. Бұл өз кезегінде балалардың денсаулығын жақсартуға және қоғамның әл-ауқатын көтеруге ықпал етеді.

- Катамнез кабинетінің жұмысына тоқталсаңыз...
- Ұлт саулығы – қоғамның басты байлығы. Болашақтың кемел болуы бүгінгі ұрпақтың денсаулығына тікелей байланысты. Осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі өткен жылдың желтоқсан айында Катамнез кабинетінің ашылуы болды.
Аталған кабинет ана мен бала денсаулығын тұрақты бақылауға алып, жүктілік кезеңіндегі қауіптердің алдын алуға бағытталған. Бүгінде бізде 288 жүкті әйел есепте тұр. Олардың 198-інде түрлі деңгейдегі жалпы қауіпті факторлар анықталған. Бұл көрсеткіш мамандардың жауапкершілігін арттырып, жүйелі бақылау мен дер кезінде медициналық көмектің қаншалықты маңызды екенін айқындайды.
Катамнез кабинетінің негізгі қызметі жүкті әйелдердің денсаулығын үздіксіз қадағалап, асқынулардың алдын алу. Әсіресе қауіп тобына кіретін аналарға ерекше көңіл бөлініп, қажетті кеңестер мен емдік шаралар дер кезінде ұсынылады. Ана мен нәресте өмірін сақтаудың тиімді жолы осы.
Дегенмен, дәрігерлердің ескертуіне қарамастан жүктілікті жалғастырып отырған жағдайлар да кездеседі. Қазіргі таңда екі келіншек медициналық шектеулерге қарамастан жүкті болып отыр. Мұндай шешімдер ана мен болашақ сәбидің денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан әрбір әйел дәрігер кеңесіне құлақ асып, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы тиіс. Жүктілік – үлкен жауапкершілікті талап ететін кезең. Дұрыс жоспарлау, уақтылы тексерілу және салауатты өмір салтын ұстану ғана дені сау ұрпақтың дүниеге келуіне негіз болады.
- Нәтижесі қандай?
- Нәтижесі айтарлықтай. Мәселен, 2024 жылы - 20-дан аса, өткен жылы -13 бала потологиямен дүниеге келсе, биыл жыл басынан бері - 2 бала ғана тіркелді. Катамнез кабинеті ана мен бала денсаулығын нығайтуға бағытталған маңызды бастама болды. Тек медициналық қызмет қана емес, ұлт болашағына жасалған инвестиция. Себебі дені сау ұрпақ – еліміздің ертеңі емес пе?!
- 2025 жылы сатып алынған қан талдау аппараттарына қажетті реагентт сатып алынды. Бұл аппаратты алғанша қандай қиындықтар болып еді?
- 2025 жылы денсаулық сақтау саласында зертханалық қызмет сапасын арттыру бағытында маңызды қадам жасалды. Атап айтқанда, жыл басында сатып алынған заманауи қан талдау аппараттарына қажетті реагенттер толық көлемде алынды. Бұл бастама медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайтып, зертханалардың жұмыс тиімділігін арттыруға оң ықпал етті.
Жаңа реагенттердің жеткізілуі нәтижесінде зертханалық талдаулардың түрлері айтарлықтай көбейді. Бұрын шектеулі болған бірқатар зерттеулер енді қолжетімді болып, науқастарға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасы жаңа деңгейге көтерілді. Сонымен қатар, диагностикалық мүмкіндіктер кеңейіп, ауруларды ерте кезеңде анықтауға жол ашылды.
Бұл жаңашылдық дәрігерлерге нақты әрі жедел диагноз қоюға мүмкіндік беруде. Соның арқасында емдеу шаралары уақытылы басталып, науқастардың сауығу көрсеткіші арта түсуде. Әсіресе, созылмалы және әлеуметтік маңызы бар ауруларды анықтауда зертханалық қызметтің маңызы зор.
Жалпы алғанда, реагенттермен толық қамтамасыз етілу – медициналық қызмет сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстың бір көрінісі. Алдағы уақытта да осындай кешенді шаралар жалғасын таба бермек.

- Медициналық қызметтердің сапасын арттыра түсу үшін қандай аппараттар қажеттілігі сезілуде?
- Медициналық қызмет сапасын одан әрі арттыру мақсатында жаңа құрал-жабдықтарға деген қажеттілікті жан-жақты саралап, тиісті өтінімдер жолданды. Бұл бастама – халыққа көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігін арттыра түседі. Анықталған қажеттілікке сәйкес, бірқатар заманауи медициналық құрылғыларды сатып алу жоспарлануда. Атап айтқанда, онкологиялық аурулардың алдын алу үшін қажетті видеогастроскоп (асқазан-ішек жолдарының ауруларын диагностикалаудың ең сенімді әдісі), қосымша тәуліктік артериялық қысымды бақылауға арналған СМАД құрылғысы, жүрек қызметін тәулік бойы бақылауға мүмкіндік беретін Холтер (ХМЭГ) аппаратын алу көзделген.
Сонымен қатар, тыныс алу жүйесінің қызметін бағалайтын спирографқа да тапсырыс берілді. Бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету сапасын жақсарту үшін отоскоп (құлақ қуысын тексеру құралы) және офтальмоскоп (көз түбін қарау құрылғысы) алу жоспарлануда.
Бұдан бөлек, медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлініп, практикалық оқытуға арналған манекен алуға өтінім берілді. Жалпы алғанда, осындай отыздан астам медициналық жабдық түрлерін сатып алу қажеттілігі анықталып, тиісті құжаттар рәсімделуде.
Бұл қадамдар дәрігерлердің диагностикалық мүмкіндіктерін кеңейтіп қана қоймай, науқастарға дер кезінде сапалы медициналық көмек көрсетуге жол ашады. Нәтижесінде, ауруларды ерте анықтау көрсеткіші артып, емдеу тиімділігі жоғарылай түспек.
- Кадр тапшылығы мәселесі қалай шешілуде?
- Соңғы уақытта емханада кадрлық әлеуетті нығайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл да халыққа көрсетілетін медициналық қызмет сапасын арттырудағы маңызды қадамдардың бірі. Емхана 2023 жылдың қараша айында аккредитациядан өтіп, бірінші санатқа ие болды. Ал, мекеме жанындағы дәріхана 2022 жылы ЖПП стандартына сәйкес сертификатталды. Біз күніне 589 адамға қызмет көрсетеміз. Отыз мыңнан астам адам бізге тіркелген. Алты бірдей орталығымыз, жалпы тәжірибелік дәрігерлер қызметін көрсететін 14, педиатрлық 8 бөлімшелеріміз бар. Қаладағы жеті мектепте медбикелеріміз қызмет көрсетеді. Бүгінде мекемеде жалпы 363 маман еңбек етсе, оның 48-і дәрігер, 209-ы орта буын медицина қызметкерлері мен басқа маман қызметкерлері.
Жас мамандарды жұмысқа тарту біз үшін басты басымдықтардың бірі болып қала береді. Өткен жылы емханаға 3 дәрігер келіп қосылса, биыл Қарағанды қаласынан тағы бір маман қатарымызға қосылмақ. Оларға әлеуметтік қолдау көрсету әрқашан назарымызда. Атап айтқанда, әкімшілік тарапынан қызметтік үйлер, денсаулық сақтау басқармасынан бейінді мамандарға көтермеақы, емхана тарапынан жалдамалы пәтер жас мамандарға қарастырылған. Мұндай қолдау жас кадрлардың қаламызда тұрақтап қалып, өз мамандығына адал қызмет етуіне мүмкіндік береді.
Дегенмен, бүгінгі күні емханада бірқатар тар бейінді мамандарға сұраныс жоғары. Атап айтқанда, маммолог, кардиолог, психолог, аллерголог, логопед,офтальмолог, онколог сынды дәрігерлер жетіспейді. Көбісінің негізгі қызметі бар болғандықтан бізде қосымша жұмыс істейді. Бұл мәселе уақытша зейнет жасындағы тәжірибелі дәрігерлердің есебінен шешіліп отыр.
Аға буын мамандар өз тәжірибесімен бөлісіп, қызметін жалғастыруда. Алайда орнын басатын жас кадрлар келсе, олар лайықты демалысына шығып, кейінгі толқынға жол ашар еді. Сондықтан кадр тарту жұмыстары алдағы уақытта да жалғаса береді.
- Денсаулық сақтау саласы дамып, сапалы медицина халыққа қолжетімді бола түсуі үшін не жетіспейді?
- Бірінші инфрақұрылымды дамыту қажет. 2026- 2027 жылдар аралығында, техникалық жағдайды жақсарту және пациенттерге қолайлы жағдай жасау мақсатында емхана ғимаратында күрделі жөндеу жұмыстары жүрмек. Алғашқы медициналық-санитарлық көмекті де жақсарта түсеміз. МӘМС жүйесін дамыту арқылы емдеу сапасын арттырып, медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ете беруіміз керек. Қан айналымы, эндокринологиялық және онкологиялық аурулары бар пациенттерге көмек көрсетуді жетілдіре береміз. Халықтың өмір сүру ұзақтығын арттыру және медициналық қызметтердің сапасын халықаралық стандарттарға сай ету жолында 2022-2029 жылдарға арналған тұжырымдама мен "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Кодексін басты бағдар етпекпіз.
Жалпы алғанда, Сәтбаев қаласының тұрғындарына қолжетімді және сапалы медициналық көмек көрсету бағытындағы жұмыстар тұрақты бақылауда және кезең-кезеңімен іске асырыла береді.
- Сізге жан – жақты терең мазмұнды әңгімеңіз үшін көп-көп рахмет!
Сұхбаттасқан: Мейрамгүл Саяжанқызы.




