Қаладағы жолдардың жағдайы соңғы жылдары тұрғындар тарапынан жиі көтеріліп келе жатқан өзекті мәселелердің бірі. Әсіресе көктем мезгілі келгенде қар еріп, жолдардың бұзылуы, ой-шұңқырлардың көбеюі мен су жиналуы тұрғындарға айтарлықтай қолайсыздық тудырады. Бұл – бір күнде пайда болған мәселе емес, жылдар бойы қордаланып келген күрделі түйткіл.
Аталған жағдайды жасырып қалуға болмайды. Керісінше, оны ашық мойындап, нақты шешу жолдарын қарастыру – уақыт талабы. Осы орайда биыл қала жолдарының жағдайын жақсарту бағытында ауқымды жұмыстар қолға алынбақ.
Ең алдымен, жол жөндеу жұмыстары биыл әдеттегіден ертерек басталатынын атап өткен жөн. Қазіргі таңда барлық конкурстық рәсімдер толық аяқталып, мердігер ұйымдар анықталған. Бұл өз кезегінде жұмыстарды уақытылы әрі жүйелі бастауға мүмкіндік береді.
Биыл қалада алғаш рет бір мезетте 25 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Бұл – соңғы жылдардағы ең ауқымды жобалардың бірі. Жөнделетін жолдардың жалпы ұзындығы 19,8 шақырымды құрайды. Оның ішінде қала тұрғындары жиі пайдаланатын негізгі күре жолдар – Сәтбаев даңғылы (орталық бөліктен Шаталюк көшесіне дейін) және Абай көшесі бар. Аталған көшелердің жаңартылуы қала ішіндегі көлік қозғалысын едәуір жеңілдетеді деп күтілуде.
Сонымен қатар көктем мезгілінде жиі кездесетін тағы бір мәселе – су жиналу жағдайы. Қар еріген кезде немесе нөсер жауыннан кейін көптеген көшелерде су тұрып қалатыны белгілі. Қазіргі таңда СЖСЖК мекемесі бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізіп, жолдарда жиналған суды арнайы техникамен тартып отыр. Дегенмен, мәселені толық шешу үшін жүйелі әрі кешенді шаралар қажет.
Өкінішке қарай, қаланың көптеген көшелерінде суағар жүйесі мүлде қарастырылмаған. Бұл – су жиналуының негізгі себептерінің бірі. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында өткен жылы су басу қаупі жоғары қиылыстарға 13 су өткізу құбыры орнатылған болатын. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Сондай-ақ СЖСЖК мекемесіне демалыс күндеріне қарамастан жолдарда жиналған суды дер кезінде тазарту тапсырылды. Бұдан бөлек, тұрғындар тарапынан аулаларда су жиналу мәселесі бойынша өтініштер түссе, олар міндетті түрде қаралып, тиісті шаралар қабылданады.
Жалпы, қаланы көркейту мен инфрақұрылымды дамыту – бір күнде немесе бір жылда шешілетін мәселе емес. Бұл – кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын ұзақ мерзімді жұмыс. Дегенмен, бүгінгі таңда нақты қадамдар жасалып, жүйелі жұмыстар басталып отырғаны – оң өзгерістердің белгісі.
Ең бастысы – бұл мәселелер ашық айтылып, тұрғындардың пікірлері мен ұсыныстары ескеріліп отыр. Себебі қала – оның тұрғындары үшін, ал олардың жайлылығы мен қауіпсіздігі әрқашан басты назарда болуы тиіс.




