Жезқазған қаласында «112 KZ» телебағдарламасының кезекті түсірілімі өтті. Бұл – Ұлытау өңірінде дайындалған арнайы жоба шығарылымдарының бірі.
Ulytau облыстық телеарнасының шығармашылық ұжымы бұл жолы азаматтық қорғау қызметтерінің күнделікті жұмысы мен төтенше жағдайларға дайындық барысын көрерменге кеңінен таныстыруға арналған жаңа бөлімді таспалады. Бағдарламаның басты мақсаты – халық арасында қауіпсіздік мәдениетін арттыру және жедел қызметтердің жұмысын ашық көрсету.
Түсірілім жұмыстары Жезқазған қаласындағы өндірістік аймақтардың бірінде ұйымдастырылып, арнайы техникалардың мүмкіндіктері көрсетілді. Сондай-ақ төтенше жағдайлар кезінде қолданылатын іс-қимыл алгоритмдері мен құтқару қызметінің жедел әрекет ету тәсілдері таныстырылды.
Жобаға Ұлытау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері қатысып, өңірдегі қауіпсіздік шаралары, материалдық-техникалық базаның жаңартылуы және мамандардың дайындық деңгейі туралы ақпарат берді.
«112 KZ» бағдарламасының жаңа шығарылымы алдағы уақытта облыстық телеарна эфирінен көрсетіліп, көрермен назарына ұсынылады.




