Егеменді ел болсақ, Тәуелсіз мемлекетке айналсақ деген ұмтылыс әрбір қазақтың жүрегінде атой салып тұрған 1990 жылы Жезқазғанда «Ұлытау үні» фестивалі жалауын көтерді. Фестивальдың мақсаты басқаларды араластырмай, тек қана қазақтың ұлттық өнерін жаңғырту, дамыту болды. Партияның әлі де болса күшінде тұрған уақытында осындай шараны ойластырып, қолға алған ағаларымыздың аттарына әрқашан алғысымызды айта жүру – біздің қасиетті парызымыз деп білемін.
«Ұлытау үні» дегенде есімізге сол тұстағы Жезқазған облыстық Кеңесі атқару комитетінің төрағасы Шәріпбек Шардарбеков, ол кісінің орынбасары Сағындық Қожамсейітов, мәдениеттің басы – қасында жүрген Сағат Қошанов, Мөрлібек Мұратбаев, Қайырбек Сәдуақасов және ақын Сайлаухан Нәкенов ағаларымыздың есімдері орала кетеді. Негізі билігі барларға ой тастаған Сайлаухан ағамыз көрінеді.
Жезқазған ірі облыс болатын. «Ұлытау үніне» алғашында 47 ақын қатысты. Керемет қой! Өңкей «сен тұр, мен атайын» деп, ауыздығымен алысып тұрған тұлпарлар. Айтыскерлердің көш керуенінің басында иманды болғыр Шынкең, яғни, Шынболат Ділдебаев ағамыз тұрды. Сөзі қандай еді, өзі қандай еді?! Жатқан жері жайлы болғай Ағамыздың! «Исатай – басшы, мен – қосшы» дегендей, Шынболат – басшы, біз – қосшы болып талай – талай додаларға түстік. Барған жерімізден жарып шығып, жүлделі болып қайтатынбыз. «Өтірікшінің куәсі қасында» демекші, асырып айтты – ау дейтін кісілер болса, айтыстың тарихын ақтарса болады, сонда бәрі де хаттаулы да сақтаулы тұр.
Сол алғашқы «Ұлытау үнінен» мен өзіме екі дос тауып қайттым. Бірі – Дүйсенбай Жұмасейітов болса, екіншісі – Мұқаш Сейтқазинов. Дүйсекең өмірден өтіп кетті, амал нешік. Үшеуміз ошақтың үш бұты тәрізденіп қайда барсақ та бірге жүруші едік. Әр ақынның өзіндік стилі болады ғой. Дүйсекең марқұм көбіне сөзін әзілге қарай бұрыңқырап отыратын. Сондықтан да, оның айтыстары елді көңілдендіріп, желпіндіріп тастайтын. Айтатын сырымыз да, шырқайтын жырымыз да бір еді. Дүйсекең кеткенде жетімсіреп қалдық...
Басқа да қаншама жігіттер болды. Солардың арасынан атақты әнші Игілік Омаровтың баласы Ермек Омаровты айрықша айтқым келеді. Ол нағыз суырыпсалма болатын, қайым айтыстың одан асқан жүйрігін кездестіргеннім жоқ.
Бірді айтып бірге кеткендеймін бе? «Ұлытау үніне» қайта оралайыншы. Әлі күнге шейін арқауы тарқатылмай келе жатқан бұл фестиваль 90-жылдардың бас кезінде ұлттық сананы сілкіндірген , тамырыңдағы қаныңды бүлкілдеткен, сөйтіп, қазақ екеніңді есіңе түсірген, кеудеңде мақтаныш сезімін қалыптастырған «Ұлытау үні» ғой! Ғажап еді ғой ғажап! Өнер додасы бір аптаға созылатын.
Жаңаарқа – Сайдалы Сары Тоқаны, Ақтоғай – Әсет Найманбайұлын, Шет ауданы – Маясар Жапақовты, Ағадыр – Әбікен Хасеновті, Жезді – Болман ақынды, Ұлытау – Тайжан Қалмағамбетұлын, Тоқырауын жағы Шашубайдың және т.т. мұрасын ортаға әкеліп, таныстырып жататын. Сондай ұлылардың мәдени, әдеби мұрасын тану арқылы біздер бір – бірімізбен табысып жататын едік. Ұлы әруақтар бізді әрдайым бірге болуға шақыратын тәрізді еді.
Біздің Жезқазғанның ақындары өздерін сабырлы, парасатты ұстауға , артық сөзге бармауға ұмтылатын. Шетінен арлы, намысты, биіктен қарап, алыстан шолатын, пендешілікке бармайтын, сөзін алдын ала жаттап алу дегені болмайтын ақындар еді. Бір ғажабы, сол тұстағы басшылардың өнерге деген көзқарасы керемет болатын. Бұл орайда, біздің тұсымыздағы өнер иелерінің басшылардан бағы жанды десем де жарасады. Олар өнер адамдарын атаққұмарлықтан, шенқұмарлықтан аулақ болуға, бойларына біткен өнерлерінің қадірін білуге, сол титімдей таланттарын жетілдіре түсуге бағыттап отыратын, кабинетте отырып, биіктен қарамай ақындардың, жыршы – термеші, әнші – күйшілердің ортасында бірге жүретін. Осы орайда, бір мысал айта кетейін.
Бірде «Ұлытау үні» фестивалі аясында айтыс басталғалы жатыр еді Қайырбек Изатбекұлы Сәдуақасов ағам: - Рамазан, сен көнбей отырған келіншекті көрсең, көндіре аласың ба? Мен бір келіншекті көндіре алмай отырмын – деді. Сөз саптамасына қарап, Қайрекеңнің не дегелі тұрғанын түсінбей қалсам да: – Көндіруге келетін келіншек болса көрейік – дедім күліп. Сөйтсем, ақын Әлфия Орманшина «Мен жолдан шаршап келдім, бүгін демаламын, айтысқа ертең шығамын» деген екен. Қайрекең мені Әлфияны айтысқа «ертең емес, бүгін» шығуға көндіріп келуге жұмсағалы тұр екен. Міне, сол кездегі басшылардың жұмыс тәсілі. Қарапайым, жып – жылы адами қарым – қатынас.
«Ұлытау үні» сан таланттың тұсауын кесті, жолын ашты. Соның ішінде, Мұқаштың да.Телевизиялық айтысты тамашалап, сол ақындар тәрізді сахна төріне көтерілуді армандап жүретін ол Жезқазғанда «даридайлап» отырып, доданы жарып шықты. Бірден Алматыдағы «Наурыз - Айтысқа» жолдама алды. Бәріміз Алматыға бірге аттандық.
Мұқаштың ерекшілігі неде? Ол туралы жақында әлеужеліден ақын Ғалым Жайлыбайдың оған арнап жазған «Ұлытаудың ұлы» деген өлеңін оқыдым. Сол өлеңде:
- Шаппайтын кезде шаба салатын,
Таласар жерде таласа алатын.
Алқам да салқам қалпымен осы
Арқаға ғана жарасар ақын - деген жолдар бар. Меніңше, бұл Мұқаштың сөзбен салынған суреті.
Мұқаштың өнер адамы, айтыс ақыны ретіндегі өзіндік «зор қайғысы» бар, бұл – оның домбыра тарта алмайтыны. Музыкалық қабылеті де , сауаты да жоқ оның. Бірақ, басқалар домбыраны дыңғырлатып отырып, қарсыласына айтарын әзірлейтін болса, Мұқаш «дай –дари –дари –дай» деп іштей әндетіп, соған елтіп отырып, қарсы ақынға айтар сөзін сайлап қояды. Домбыра тартпаса да , өзінің ойлап тапқан әуені, яғни, «даридайы» мен айтар сөзін жымдастырып жіберуін өз басым ақындық таланттан де биік қасиетке балаймын. Оның сөздері сондай нық естілетін, ол залды өзіне тартып алу мақсатында бірде – бір рет арзан айла-шарғыға барған емес. Мен Мұқашты сөзі өте шынайы, арлы ақын, тарихи ақын деп бағалаймын.
Екеуміздің арамызда көптеген «...деген екендер» баршылық. Бұл туралы да бөлек жазуға тура келер. Солардың бірін айтып кетейіән.
Бірде Жезқазғандағы айтыста Мұқашқа бас жүлдеге теледидар берілді, мен бірінші орын алып, маған конверт бұйырды. Қонақүйге теледидарды көтеріп кіріп келе жатсақ, бұл Мұқаштың бәйгесі екенін білгендер менен : - Сен не алдың? - деп сұрап жатты. «Мен абырой алдым» дедім. Сонда бір танысымыз: - Одан да теледидар алмадың ба? – деп қалды. Мен дереу: - Теледидарды абырой жетпей қалғандарға ғана беріп жатыр – деп едім, Мұқаш : - Өй, Рамазан, сенің шығармайтының жоқ осы – деп мәз болып қалды. Әрине, әдемі әзіл –жан азығы.
Әйтпесе, Мұқаң күллі қазаққа абыройлы ақын. Қазақ оны «Даридай ақын» деп таниды. Оның азан шақырып қойған есімін білмеуі де, түрін көрмеген де болуы мүмкін, бірақ, өзін қазақпын дейтін қазақтардың арасында «Даридай ақынды» білмейтін қазақ жоқтығына бәс тігуге бармын. Ағамыздың сол абыройы аспандай берсін!
Мұқаш ағама, досыма қанша сөз арнасам да, қандай тілек айтсам да артығы болмайды. Қалғанын той үстінде айтайыншы.
Рамазан СӘТТІБАЙ,
ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы,
Қазақстанның Құрметті спорт қайраткері.
АСТАНА.
«Аймақ ақшамы» , 31.03.2026




